“Келіншек тау” аңызы

Жасауы дайындалып жатқан болашақ келіндерге нақыл ретінде қазақта сақталған келесі аңызды білу қызықты болар. Осы аңызда неге бай қыздың жасауы тасқа айналғаны туралы айқын сипатталады.

Келіншектау жасауы

“Әлде жүз, әлде мың жыл бұрын теріскейде, әйгілі бай бай өтіпті. Әлгі бай аузы уәлі, ақылы мен дәулеті парапар кісі көрінеді. Қылығы тәтті жалғыз қызы болыпты. Майысып, толқып бой жетіпті. Тана көзі талайдың ішіне шоқ түсіріпті. Күнгей елінен теңі табылыпты ақыры. Әлгі бай жалғыз перзентімнен аярым жоқ деп, екі жасқа батасын беріпті, жасауын бөліпті дейді. Жасауды көрген ақын нешеме күн қисса етіп жырласа да, суреттеп тауыса алмапты деседі. Отаудың үздік, дөдегесі ақ марқаның жүнінен басылып, бау-басқұры жібек жіптен тоқылыпты. Шаңырағын алтынмен аптап, уығын күмістен қаптапты. Бар жиһаз жасауды түйеге теңдеп, ал риза бол қалқам деп, әкесі керуеннің бас жібін қызына ұстатқан көрінеді. Керуен ырғалып-жырғалып Қаратаудың қыр арқасына көтеріліпті. Қызықұрғыр дүниеге бір табан жақын білем, сол арада түйелерді шөгеріп, жасауды қайыра бір көзден өткізіпті. Сөйтсе итаяғы жай өрік ағаштан шабылған екен. Мұны көрген қыз: “Әкем саңдық жасапты, итаяғымды күмістен соқтырмапты”, – деп күйеу жігітті ауылына қайыра шаптырыпты дейді. Күміс итаяққа жұмсаған көрінеді.

Итаяк

Бар дәулетін сыпырып, арттырып жіберген ақылды әке әлгі сөзді естіп, қатты налыпты. Қызына “тас жүрек екенсін, тас бол”, – деп теріс батасын беріпті. Ол кезде қарғыстың дөп даритын уағы білем (қазір ғой, қанша қарғасаң да дарымайтыны): әлгі шөгіп жатқан түйелер, бүйда тартқан қалыңдық солайымен тұрған жерінде тасқа айналып қалыпты.

Биік шың Келіншектау аталыпты – жылдар өтіп, уақыт озыпты, бұл дүниеде нешеме ұрпақ ауысыпты – қолдан қашағандай. Әлгі күнге тас түйелер тізіліп жатыр дейді, әлі күнге келіншек мүсіні тәмілжіп тұрған көрінеді”.

Алдарыңызда Қараутауда осы аңызды дәлелдейтін нақты фотография, бұл Келіншектау:

Келіншек тау аңызы

Келіншек тау аңызы

Сонымен қоса, осы аңыз туралы баяндаған Болатқали Төлебаевтың өлеңін ұсынғым келеді.

Құмар қанған отыз күндік ойында,
Шырақ жанған қырық күндік тойында,
Жат жерлерге жалғыз қызын ұзатты,
Бір бай адам Қаратаудың бойында.

Қыз көшінің арты — дала, алды — су,
Қаратаудың қойнауында Балдысу.
Тоқсан түйе қыз жасауы артылған,
Көш соңында жел жеткізген қалды шу.

Ерке шолжаң тоқтатты да асауын,
Көзбен шолды жабдығы мен жасауын.
Итаяқты жай ағаштан қашалған,
Талап етті саф алтыннан жасауын.

Ақыл қашып, алып кетіп сәт есін,
«Кәрі қақбас түзетсін – деп – қатесін».
«Саф алтыннан итаяқты жаса» — деп,
Ақылсыз қыз түңілдірді әкесін.

Итаяқты алтынменен аптауын,

Талап етіп жан мейірін таптауын.
Көтермеген шолжаң қыздың тілегін,
Әкесінің қарғыспен сөз саптауын:

«Әке –көңіл бола алмас шат» – деді,
«Мұндай қылық көргендіге жат» – деді.
Қайран әке жалғыз қыздан түңіліп,
«Көшіңменен тас боп мәңгі қат» – деді.

Ыза кернеп, екі көзге жас толып,
Әкесінің дәулетіне мас болып.
Астамшылық тілек айтқан әкеге,
Ақылсыз қыз қатып қалды тас болып.

Келіншектау келіншектің көші ме?
Тас боп қатқан табиғаттың төсі ме?
Түсінбеген қарызы мен парызын,
Перзентіне әкесінің өші ме?

Сол келіншек мініп алған боз аққа,
Тас боп қатқан аңыз болып Созаққа.
Оқ боп тиіп әкесінің қарғысы,
Көрген күні айналды ма тозаққа?

Келіншектау

Қолданылған әдебиетттер:

Энциклопелия «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі», 2011 ж, 54 бет, 2 том.

http://myprofession.kz/?p=331

Осы материалды көшіргіңіз кесе, блогыма ссылка жасау міндетті.

Әрдайым сіздің Sholpanay

С этой статьей так же читают: