Жылқы атаулары

Құлын, жабағы мен тай  айырмашылығы неде деген сұрағыңыз болса, осы пост жылқылардың атауларын көрсетіп, олардың анықтамаларын береді.

Жылқының жасына қарай аталуы:

Жылқының жасына қарай аталуы

 

Құлын – Биенің жас төлі. Өте сұлу келеді. Сондықтан тілімізде “құлын мүше” деген сөз қалыптасқан. Жаңа туған құлынды “құлан мүшелі құлын”, “арғымақ денелі құлын”, “қаз мойын құлын” деп те атаймыз.

Жабағы – Жас құлынды 6 айға толған соң, күзе жабағы деп атайды. Мұның былай аталуы құлын кезіндегі түгі күзге қарай өсіп, тығызданып, жабысу (ұйысу) салдарынан жабағыланды.

Түсініксіз болса дөнежін мен құнажын ол дөнен мен құнанның ұрғашы атаулары.

Жылқының жасы туралы айтатын болсақ, негізінде жылқылар орташа 25-30 жас жасайды. 40 жасқа келуі сирек.

 

Жылқының жасына қарай аталуы

Жылқының жасына қарай аталуы

Жасына қарай ғана емес, сонымен қоса жылқының басқа атаулары да көп.

Бойдақ биелер атаулары:

Қысырықтар (бойдақтар) – құлындамаған әр жастағы биелерді, құнажын мен дөнежін байталдарды, ұрғашы тайларды бөліп, біріңғай үйірге жіберілгендерін осылай атайды.

Бордақы бие – көп жылқымен бірге жіберілмей, қолға алып қалып, жемге, шөпке емін еркін бос қойылып күтіліп, семіртілген биені айтады.

Қысыр бие – айғырдан шықпай қалған бие немесе айғырдан шығып, құлын тастап кеткен бие.

Тоқ бие – Семіз бие, немесе қоңданып, оты қанып, тойынған бие.

Тұнған бие – өте семіріп кеткен қысыр бие.

Бедеу бие – өмірі құлындамай жүрген бие

Тұмса құлық – 3 немесе 4 жасқа дейін айғырдан шықса да құлындамай жүрге бие.

Қызыл май – семіздей міңіліп барып, суытылмай жіберілген,  ыссылы суықты болып, жүні  іріп, тойынбай, жарай қатып, жадауланып жүрген бие

Бүгежік – жүрісінің өнімі жоқ, жүрсе кібіртіктеп жүре алмайтын жер қорқақ бие.

Көбең бие – қыстан артық шығып, немесе көбірек мініліп, титығына жеткесін жайылысқа жебірілген биенің бойына ет бітіп, қоңданып, тойына бастаған кезі.

Ақ жілік бие – енесі сауылмай, құлын күнінен өзі емін еркін еміп өскен бие.

Қара кемік бие – енесі сауылып, құлын күнінен бастап жүдеу бас болып өскен бие.

Бие атаулары

Бие атаулары

Қағылжың бие – көбірек мініліп, тойынбай жүрген бие.

Қолтума бие – үйірге қосылмай жасынан бір адамның (шаруаның) қолында бағылып өскен бие.

Толған бие – қызылы молайып, бойына ет алып, қоңдынып, семіздігі артқан бие.

Шыңылтыр бие – өмірі ет алып, тойынбайтын, не бойына шыр бітпейтін бие.

Шатыс бие – жай тұқымнан шыққан биенің жақсы айғырға шағылысуынан туып-өскен асылданған биені айтады.

Нәкүс (құтамсыз) бие – шыққан тегі нашар, беретін өнімі аз, мың қамшыласаң да, аяғын бір баспайтын, қара етті, шабан бие.

Сұңғақты (ірі) бие – Тек тұқымы жақсы, бойшаң, кесек денелі бие.

Қазанат бие – бойшаң, денесі ірі, әлді сирақты, тұяқтары жұмыр, құйма тұяқты бие. Мұндай қазанат биелі сүтті келіп, мініске мықты болады.

Қарабайыр бие – үлкен қарын, қара етті, сыртты, дуан сирақты, жайпақ тұяқты болып, , көп мініс бермейтін жүрісі шабан бие.

Арғымақ бие – дене бітісі сұлу, көрікті, майда жалды, құйрығы орта қалыңдықта болып, сирақтары ұзын, жіңішке асыл (шыны) сүйекті, қаз мойынды, қамыс құлақты, шоқтылықты келген бие.

Жалбыр бие – Түгі ұзын қалшықты, жал құйрығы қалың болып, жерге төгіліп тұратын бие.

Бүкіш бие – бел омыртқасы дқңес болып біткен, алдынан арт жағы биік келген бие.

Ұрғашытай – жылқының юір жастағы ұрғашысы.

Ұрғашы тел тай – құлын кезінен бастап екі енені бірдей еміп өскен бір жастағы жылқы.

Ұрғашы кенже тай – бір дасқа толмаған, былтырғы май айының аяғында туған құлын.

Тобышақ бие – қазанат пен  қарабайырдың шағылысуынан пайда болған бие.

Жүрдек бие – мінгенге қамшы салдырмай, ауыздығымен алысып, алып ұшып отырған бие

Құйма тұяқ бие – жүргенге табаны көп тасырламайтын тұяғы өте мықты келген бие.

Қазан (қаз) табан бие – жалпақ тұяқты, жүргенде табаны тасырлағыш бие.

Өткір көзді бие – қалың қабақты, ыстық пен суыққа шыдамды, көзінен жас шықпайтын асыл көзді бие.

Бөкен санды бие – саны бөкеннің санындай тығыз және ойынды етті келген бие.

Серке санды –  артқы саны етсіз келген бие

Шәлкез мінезді бие – бастықтырылып, әбден үйретілмеген үркек, жалт бергіш, аяқ астынан тулап ала жөнелетін бие.

 

Еркек жылқы атаулары

Айғыр, саяқ

 

Айғыр атаулары:

Айғыр – жылқының жыныс қуаты жетіген еркегі. Мінезіне, түр-түсіне қарай, әр түрлі айтады. Айғырдың үйірінде 10-нан 30-ға дейін бие болады.

Жасамалы – үш-төрт жастан асқан.

Желқуық айғыр – көктемде айғырдың көкке тайынып, үйіріне қараған кезін, күйін білдіреді.

Сәурік айғыр – 3-4 жастағы піштірімеген, әрі үйірге салынбағанын айтады.

Құр айғыр – өмірі жүген құйрық тимей, әбден семірген айғыр.

Бұзғыш айғыр – айғырдан шыққан биегееріксіз шауып, немесе екі құлағын жымырып, басын жерге салып, биені сауырлап қуып жүріп құлынын ағызып жібереді.

Шақар айғыр – өз үйіріндегі биелерді місе тұтпай, басқа айғырдың бауырындағы үйірін тартып алып жүретін айғыр.

Сынар ең айғыр – туысынан бір ен боп туған еркек жылқы.

Шарттық айғыр – екі енінің бірі піштірілмей қалғаны.

Азбан айғыр – 6 жасында піштірілген жылқы. Ол піштірілгенімен айғырлық әдетін қоймайды. Оқыранып биелердің есін шығарады. БІрақ бұрынғыдай биенің күйітін қандыра алмайды.

 

Жылкы атаулары

Жылкы атаулары

 

Саяқ (бойдақ) атаулары:

Бойдақ жылқылар – піштірген құнандар мен жөнендер және бестілер

Ат – піштірілген еркек жылқы.

Сақа ат – жас мөлшері 11-12 келгендері

Арда емген – құлын күйінен бастап немесе құнанына дейін енесін еміп, ақ жілік болғаны.

Еркек тел тай – өз енесі мен телінген енесін, немесе екі енені бірдей еміп жүрген еркек жылқының бір жастағысы

Еркек кенже тай – бір жасқа толмаған, былтырғы кеш туған құлын.

Тоқтасқан ат – жас мөлшерінің 12-13 келгені

Ши арқа ат – көп мініскен жауыр болып, ер батқан соң арқасының шиі шығып тұратын мініс көлігі

Мықырат – шоқтықсыз келген жылқының тапалы

Қысыр емген – айғырдан шығып, құлын тастаған биенің былтырғы құлыны бір жастан екі жасқа дейін енесін еміп түскені.

Шобыр – мініске, күш-көлікке өте мықты келетін шабан ат.

Тұғыр – шобырдың ең жақсысы, мініске мықты ат.

Мес ат (мәстек) – тоқ аштығы білінбейтін жуан денелі, қарынды сирақты, күшті болып келген ат.

Құлын атаулары

Құлын атаулары

Құлын атаулары:

Құлын (төл) – биелердің көктемде туған жас төлі.

Құлыншақ – құлынды еркелетіп атаған түрі.

Күн қақты құлын – енесі мініліп жүріп, жөнді ембей, сүттен қақтығып қалған құлын.

Бұдан құлын – әр тұқымнан туған құлын

Добыр аяқ құлын – қыс айларында туған құлын

Мәйекті құлын – енесінің сүтіне тойған, тоқ пейіл құлын.

Кенже құлын – май айының аяғында туған құлын.

Қара құлақ құлын – жаз құлынның тех ширап, байлануға келгені.

Жетім құлын – енесі өліп, немесе енесін қасқыр жеп, жетім қалған құлын.

Жабағы – құлынның 6-7 айға толғаны.

 

Жылқылардың атаулары көп-ау деп тұрсаңыз, осы поста жазылғандардың бәрі кітапта жазылған атауларың 30% ғана….

Қолданылған әдебиеттер: “Қазақша мал атаулары”. Авторы Айтым Әбдірахманов. Алматы “Қайнар” 1982 жыл

Сізге қызықты болса, жылқы туралы мен басқа да постар жаздым: Сколько конины есть в Казахстане, Конина – чем же ты полезна?

Осы поста жазылған мәліметтерді блог авторының рұқсатынсыз көшіруге болмайды!

Әрқашан сіздің Sholpanay

С этой статьей так же читают: